Мақсат ҚАСЕН (Maxat KASSEN) – Astana IT University (Қазақстан) цифрлық мемлекеттік басқару профессоры. Электрондық үкімет феноменін, цифрлық деректерді басқаруды, блокчейн технологияларын, деректерді талдауды, жасанды интеллектіні және цифрлық инновацияларды зерттейтін ғалым. PhD докторы, профессор. АҚШ-тың Вашингтон қаласында жүзеге асырылатын сенатор Фулбрайт атындағы халықаралық ғылыми-зерттеу бағдарламасының стипендиаты. Иллинойс университетінде (Чикаго, АҚШ) және Оксфорд университетінің ғылыми институтында (Ұлыбритания) ғылыми зерттеулер жүргізген. Әр жылдары электрондық үкімет және цифрлық деректерді басқару тақырыптары бойынша ағылшын тілінде Қазақстан, Эстония және АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында дәрістер оқыған. Олардың қатарында Массачусетс университеті, АҚШ Электрондық үкімет орталығы, Таллин техникалық университеті, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Астанадағы филиалы, Назарбаев Университеті және басқа да жоғары оқу орындары бар.
Бұған дейін ол мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда және Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымдарында түрлі қызметтер атқарған. 2003–2004 жылдары «Қазинформ» ұлттық ақпарат агенттігінің шетелдік ақпарат қызметін басқарды. АҚШ-тың Атланта қаласындағы халықаралық CNN ақпарат агенттігімен бірлесіп, Мақсат ҚАСЕН 2003 жылғы 23–24 қыркүйекте Қазақстанның Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің І съезін ақпараттық тұрғыдан жариялауға арналған халықаралық ақпараттық-талдамалық цифрлық платформаның жұмысын ұйымдастырды. Кейін бұл форум әлемдегі тұрақты түрде өткізілетін ең ірі конфессияаралық саммиттердің біріне айналды.
Профессор Мақсат ҚАСЕН цифрлық деректерді басқару саласындағы әлемдік, еуропалық және америкалық жетекші ғылыми қауымдастықтардың тұрақты мүшесі болып табылады. Ол электрондық үкімет, блокчейн технологиялары, деректерді талдау және цифрлық деректерді басқару мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми симпозиумдар мен форумдарда бірнеше рет баяндамашы әрі секция төрағасы ретінде сөз сөйлеген. Бұл іс-шаралар әр жылдары Сан-Франциско, Чикаго, Денвер, Оксфорд, Ганновер, Сиэтл, Вашингтон және басқа да қалаларда өткізілген. Сонымен қатар, ол АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Германия және Нидерланды елдерінде шығатын, импакт-факторы жоғары беделді халықаралық ғылыми журналдардың тәуелсіз сыртқы рецензенті болып қызмет атқарады.
Мақсат ҚАСЕН бірқатар беделді халықаралық және мемлекеттік ғылыми сыйлықтар мен марапаттардың иегері. Атап айтқанда, 2012 жылы АҚШ-тағы сенатор Фулбрайт атындағы беделді халықаралық ғылыми бағдарламаның стипендиаты атанды. 2017 жылғы желтоқсанда ғылыми зерттеулер мен студенттерді даярлау ісіндегі елеулі жетістіктері үшін Қазақстан Жоғары оқу орындары қауымдастығының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Күміс медалімен марапатталды (Алматы, Қазақстан). 2018 жылғы қарашада ғылымға қосқан ерекше үлесі үшін Elsevier халықаралық академиялық агенттігінің (Нидерланды) беделді SCOPUS Award 2018 сыйлығын иеленді. Ал 2020 жылғы қарашада ғылыми зерттеулердегі жетістіктері үшін Clarivate Analytics халықаралық академиялық агенттігінің (АҚШ) The Web of Science Award 2020: Leader of Science сыйлығының Publication Leader in Social Sciences («Әлеуметтік ғылымдар саласындағы жарияланымдар көшбасшысы») аталымының лауреаты болды. 2023 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан отандық ғылымның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін мемлекеттік «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығының лауреаты атанды (Астана, Қазақстан). 2024 жылғы тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ғылым саласындағы елеулі жетістіктері үшін оны Қаныш Сәтбаев атындағы медальмен марапаттады. Сол жылдың желтоқсанында ол электрондық үкімет феноменін зерттеудегі елеулі ғылыми жетістіктері үшін берілетін «Highly Ranked Scholar Award 2024» марапатына ие болды (ScholarGPS, АҚШ). 2025 жылғы желтоқсанда ол әлемдегі ең үздік ғалымдардың 2 пайызын біріктіретін беделді Stanford List of World's Top 2% Scientists ғылыми рейтингіне бесінші жыл қатарынан енгізілді (Стэнфорд университеті, АҚШ).
Профессор Мақсат ҚАСЕНнің ғылыми зерттеулері негізінен электрондық үкімет, деректерді талдау және цифрлық деректерді басқару, жасанды интеллект, блокчейн технологиялары, цифрлық мемлекеттік басқару және мемлекеттік сектордағы технологиялық инновациялар мәселелеріне арналған. Қазіргі уақытта ғалымның ғылыми еңбектеріне сілтеме жасалуын көрсететін жаһандық ғылыми көрсеткіші – Хирш индексі (h-index) 16-ға тең. Мақсат ҚАСЕН осы ғылыми бағыттар бойынша 50-ден астам ғылыми жарияланымның авторы. Олардың қатарында халықаралық рецензияланатын, импакт-факторы жоғары ғылыми журналдарда жарияланған 30-дан астам мақала бар. Бұл жарияланымдардың барлығы Scopus және Web of Science халықаралық ғылыми дерекқорларында индекстелетін Q1 және Q2 санатындағы журналдарда жарық көрген. Сонымен қатар, ол әлемге танымал ағылшын тілді академиялық баспалар – Rowman & Littlefield (АҚШ), Routledge (Ұлыбритания), Springer (Швейцария) және Palgrave Macmillan (Ұлыбритания) баспаларында әр жылдары жарық көрген бес ғылыми монографияның авторы.
Ғылыми марапаттары:
Ғылыми жарияланымдар:
